Қостанай қаласындағы №15 мектепте облыстың бірнеше білім беру ұйымдарының ата-аналары қатысқан кеңейтілген жиналыс өтті. Іс-шараға Қостанай облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Айгүл Ераділова шақырылып, ол ата-аналармен ашық форматтағы кездесу өткізді. Кездесу барысында жасөспірімдер арасындағы есірткі құқық бұзушылықтарының өсу динамикасы, олардың қолжетімділігі және алдын алу жолдары талқыланды. Ераділованың айтуынша, қазіргі таңда есірткі заттары жасөспірімдер үшін бұрынғыдан да оңай қолжетімді болып отыр, бұл мәселенің ушығуына себепші. Полиция қызметкері ата-аналарға нашақорлықтың қауіптілігін көрсететін бейнематериалдар ұсынды, сондай-ақ есірткі тасымалдап, ұсталған оқушыларға қатысты нақты жағдайларды мысал ретінде келтірді. Бұл деректер жиналған қауымның назарын бірден аударды. Талқылау кезінде ата-аналар да өз ұсыныстарын білдірді. Соның ішінде түзеу мекемелеріне экскурсия ұйымдастыру бастамасы ерекше назарға ілікті. Ата-аналардың пікірінше, мұндай тәжірибе жасөспірімдерге есірткінің салдарын өз көзімен көруге мүмкіндік береді. Айгүл Ераділова бұл ұсынысты қолдап, оның профилактикалық әсері жоғары болатынын атап өтті. Жиында балаларды зиянды әдеттерден қорғау жолдары туралы сұрақтар да көтерілді. Оныншы сынып оқушысының анасы есірткінің қолжетімділігіне байланысты алаңдаушылығын білдіріп, «баланы қалай қорғай аламыз?» деген сауал қойды. Полиция өкілі ең бастысы ата-ана мен бала арасындағы сенім екенін атап өтті. Оның айтуынша, ата-аналар балаларының ортасы, күнделікті уақыт өткізуі және интернеттегі белсенділігіне көңіл бөліп, онымен ашық сөйлесіп отыруы тиіс. Сонымен бірге Ераділова жасөспірімдердің есірткі қылмысына қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын еске салды. Оның пікірінше, бұл мәселеден хабардар болу ата-аналарға да, балаларға да маңызды. Жиналыс қорытындысында ата-аналар мен полиция қызметкерлері профилактикалық шараларды күшейту қажет деген ортақ пікірге келді.















