Білім беруді цифрландыру мен заманауи технологияларды тиімді қолдану аясында физика пәні мұғалімі Маженова Салтанат Толендиновна 10-сыныпқа арналған «Қызықты цифрлық физика» атты элективті курс бағдарламасы бойынша онлайн конференция ұйымдастырды. Іс-шараға Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы №9 жалпы білім беретін мектеп, Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы №166 орта мектеп, Абай облысының Жарма ауданындағы Н.Крупская атындағы орта мектеп және Қостанай облысының Арқалық қаласындағы Восточный жалпы білім беретін мектебінің ұстаздары қатысты.
Онлайн форматта өткен басқосуда Салтанат Толендиновна цифрлық құралдар мен виртуалды зертханаларды пайдалану тәжірибесін таныстырып, физиканы оқытуда оқушылардың қызығушылығын арттырудың тиімді әдістерін көрсетті. Ол өз авторлық курсы негізінде жүргізілген тәжірибелер мен оқу үдерісіне енгізілген инновациялық тәсілдердің нәтижелерімен бөлісіп, цифрлық білім беру ресурстарының артықшылықтарын нақты мысалдар арқылы дәлелдеді.
Конференция барысында қатысушы педагогтер өз ойларын ортаға салып, тәжірибе алмасты. Мұғалімдер оқытуда заманауи технологияларды қолданудың тиімділігін талқылап, алдағы уақытта бірлескен жобалар ұйымдастыру туралы ұсыныстар айтты.
Бұл шара өңір мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін арттыруға, педагогикалық қауымдастық арасындағы серіктестікті нығайтуға және цифрлық білім беру мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды тәжірибе алаңы болды.















