Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында жоғары білім беру жүйесі қарқынды дамып келеді. Ел көлемінде 180 жоғары оқу орны жұмыс істейді, оның ішінде 167-сі азаматтық, ал 13-і азаматтық емес оқу орындары болып табылады. Азаматтық оқу орындарының 55-і мемлекеттік, ал 112-сі мемлекеттік емес жоғары оқу орындары ретінде қызмет атқаруда.Осы қатарда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ведомстволық басқаруында да арнайы оқу орындары бар. Атап айтқанда, министрлікке қарасты үш жоғары және үш орта кәсіптік білім беру мекемесі жұмыс істейді. Олар:
- ҚР ІІМ Академиясы,
- Қарағанды заң институты,
- Қостанай заң институты,
- Ақтөбе заң колледжі,
- Семей заң колледжі,
- Шымкент заң колледжі.
Аталған оқу орындарында болашақ құқық қорғау саласының мамандары «Юриспруденция» және колледждер деңгейінде «Құқық қорғау ісі» мамандықтары бойынша дайындалады. Бұл бағыттар бойынша оқу-жастарға ел қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті сақтауға өз үлесін қосуға мүмкіндік береді.Сонымен қатар, елде әскери мамандықтар бойынша да жоғары білім алуға жол ашық. Әскери бағыттағы жоғары оқу орындарына мыналар жатады:
- Құрлық әскерлерінің әскери институты (Алматы қаласы),
- Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты (Алматы қаласы),
- Шетел тілдері әскери институты (Алматы қаласы),
- Әскери-теңіз институты (Ақтау қаласы),
- Әуе қорғаныс күштерінің әскери институты (Ақтөбе қаласы).
Бұл оқу орындарында әскери істің қыр-сырын меңгеріп, Отан қорғау саласында қызмет етуге мүмкіндік бар.Жоғары әскери оқу орындарына қабылдау азаматтық жастар қатарынан жүзеге асырылады. Кандидаттар оқу жылы басталар сәтте 17 жасқа толған, бірақ 21 жастан аспаған болуы тиіс. Сонымен бірге «Жас ұлан» республикалық мектебінің және республикалық әскери мектеп-интернаттарының түлектеріне басымдық беріледі.Әскери оқу орындарына түсуге ниет білдірген жастар тұрғылықты жері бойынша қорғаныс істері жөніндегі аудандық немесе қалалық бөлімдерге (басқармаларға) оқуға түсу жылының 1 сәуіріне дейін өтініш беруі қажет.Мұндай үгіт-насихат жұмыстарының негізгі мақсаты-жастардың бойында патриоттық сезім, елге қызмет ету рухы мен жауапкершілік қасиетін қалыптастыру. Әскери және құқық қорғау салаларындағы мамандықтар мемлекет қауіпсіздігін нығайтуда айрықша маңызға ие, сондықтан бұл бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жастар арасында жалғасып келеді.















