ҰСТАЗДАР МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАЙМЫН!
Құрметті әріптестер, ардақты ұстаздар қауымы!
Баршаңызды төл мерекелеріңіз – Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес, ол – тағдырдың таңдаулыларына ғана бұйыратын ұлы миссия. Себебі әрбір мұғалім – шәкіртінің жүрегіне нұр сеуіп, көкірегіне білім шырағын жағатын рухани сәулетші. Сіздер тек ғылым негіздерін үйретіп қана қоймай, өмірлік құндылықтарды дарытып, елін сүйетін, білімге құштар, арманшыл да талапты ұрпақ тәрбиелеп келесіздер. Ұлы Абай: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» – деп бекер айтпаған. Сіздердің шәкіртке деген сүйіспеншіліктеріңіз, еңбекке адалдықтарыңыз, білім мен тәрбиеге деген жауапкершіліктеріңіз – қоғамымыздың алтын қазығы. Ұстаз еңбегі – ешқашан өлмейтін, уақыт өткен сайын қадірі арта түсетін ең қастерлі еңбек. Бүгінгі күні мектеп табалдырығын аттаған әрбір бала Сіздердің мейірімдеріңіз бен қамқорлықтарыңызды сезініп, арманға ұмтылады. Ал Сіздердің әрбір табыстарыңыз – шәкірттеріңіздің жетістіктерінде, олардың ғылым мен өмір жолында бағындырған биіктерінде.
Құрметті ұстаздар! Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге зор табыс тілеймін. Шәкірттеріңіз сенімді болып, әрдайым қуаныш сыйлап жүрсін! Қызметтеріңізге шығармашылық шабыт, жүректеріңізге шаттық, өмірлеріңізге береке мен бірлік тілеймін. Сіздердің әрбір күндеріңіз мерекеге, әрбір сәттеріңіз қуанышқа толы болсын! Білім атты биік шыңды бірге бағындыра берейік!
Ізгі тілекпен, білім беру ұйымының директоры Е. Қ. Сейіт














