Тәжірибе тарату-кәсіби дамудың кепілі
2025 жылдың 14 мамырында Әулиекөл, Амангелді және Науырзым аудандарынан келген 23 ұстаздың қатысуымен онлайн форматта тәжірибе алмасу шарасы өтті. Бұл кездесу педагогтердің кәсіби біліктілігін арттырып, әдістемелік ынтымақтастықты дамытуға бағытталды.
Мектебіміздің бастауыш сынып мұғалімдері Омарова Л.А., Нургалиева С.М. және Майшина А.К. 2-сыныпқа арналған математика пәні бойынша әзірленген «Сиқырлы сандық» бағдарламалық кешенін таныстырды. Мұғалімдер өздерінің авторлық жұмыстарының құрылымын, қолдану әдістерін және оқу процесіне ықпалын жан-жақты түсіндіріп өтті.
Бағдарлама оқушылардың логикалық ойлау дағдыларын дамытып, математикалық түсініктерді терең меңгеруіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, оқу әрекетін белсенді ұйымдастыруға жағдай жасайды.
Тәжірибе алмасу шарасына қатысқан педагогтер бағдарламаның тиімділігін жоғары бағалап, оны оқу үдерісінде қолданудың маңыздылығын атап өтті. Ұсынылған әдістеме шығармашылық ізденіспен жұмыс істейтін мұғалімдерге жаңа идеялар мен кәсіби шабыт сыйлады.
Бұл кездесу ұстаздар қауымының бір-бірінен үйренуі арқылы ортақ мақсатқа-сапалы білім беруге ұмтылуын тағы бір мәрте дәлелдеді.















