2023–2024 оқу жылына арналған мектепішілік жоспар құрылып, білім беру ұйымының директоры тарапынан бекітілді. Жоспарға сәйкес бірінші жартыжылдықта мемлекеттік тілді дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Білім беру ұйымында өткізілген барлық іс-шаралар мен ресми құжаттар мемлекеттік тілде жүргізілді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар мектеп ұжымының тіл мәдениетін арттыруға және іс жүргізуді біріздендіруге ықпал етті. 29 қыркүйек күні мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту мақсатында «Абай Құнанбаевтың қара сөздері — халқымыздың рухани асыл қазынасы» атты дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шараға қалалық білім бөлімі мамандары, мемлекеттік тілде оқытатын мектептердің мұғалімдері және мектебіміздің 5–6 сынып оқушылары қатысты. 9–16 қазан аралығында филология пән бірлестігінің ұйымдастыруымен «Тіл — татулық тірегі» апталығы өтті. Апталық барысында оқушылар түрлі танымдық шараларға, пәндік олимпиадалар мен жобаларға қатысып, мемлекеттік тілде өз білімдері мен қабілеттерін көрсетті. Сонымен қатар, «25 қазан — Республика күніне» және «16 желтоқсан — Тәуелсіздік күніне» арналған сынып сағаттары өткізіліп, оқушыларға мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік тілдің маңызы туралы мазмұнды ақпарат берілді.Мектепте мемлекеттік тілді дәріптеу және оқушылар арасында оның қолданысын арттыру мақсатында дебат, театр, жас журналист, мәнерлеп оқу сияқты жалпы саны 13 үйірме тұрақты жұмыс атқаруда. Жартыжылдыққа жоспарланған барлық іс-шаралар толық көлемде және тиісті деңгейде жүзеге асырылды.















